Қазақстан климаттың өзгеруінің салдарларымен, атап айтқанда, шөлейттену, су ресурстарының тапшылығы, топырақтың деградациясы, сондай-ақ көшкіндер, сел, су тасқыны, дауылдар, аяздар және құрғақшылық сияқты табиғи апаттардың жиілеп кетуімен бетпе-бет келіп отыр. Осыған байланысты экологиялық мәселелерді білім беру жүйесіне интеграциялау ерекше маңызды болып табылады.
Семинарда негізгі спикерлердің бірі Ы. Алтынсарин атындағы Білім академиясының вице-президенті Руслан Адилханович Каратабанов болды. Ол білім беру бағдарламаларына климаттық тақырыптарды енгізудің маңыздылығы туралы өз көзқарасымен бөлісіп, білім беру жүйесінің Қазақстанның Тұрақты даму мақсаттарына жетудегі халықаралық міндеттемелерін орындауда маңызды рөл атқара алатынын атап өтті. Руслан Адилханович сондай-ақ, оқушыларды климаттың өзгеруі мәселелерімен таныстыру олардың табиғатқа және планетаның ресурстарына саналы қатынасын қалыптастыруға ықпал ететінін айтты.
Семинарда тағы бір маңызды спикер мектептер үшін “Климат өзгеруде - бұл маған қатысты” оқу құралын авторы Светлана Александровна Былинская болды. Ол климаттың өзгеруінің себептері мен салдарлары туралы оқушылардың ақпараттану деңгейін арттыруға бағытталған өз материалдарын ұсынды. Оқу материалдары практикалық тапсырмалар мен жобаларды қамтиды, олар оқушыларға климаттық өзгерістердің жергілікті және жаһандық деңгейдегі әсерлерін жақсы түсінуге көмектеседі.
Семинар “Климаттың өзгеруіне біздің жауабымыз” бастамасы аясында ЭкоМұражай мен Ы. Алтынсарин атындағы Білім академиясымен серіктестікте ұйымдастырылды. Жақын арада осындай семинарлар Астанада, Ақтауда және Ақтөбеде өтеді, бұл экологиялық білім беру мен оқушылардың климаттық сынақтарға дайындық дағдыларын қалыптастыруға қызығушылық танытқан мұғалімдер мен мектептердің аясын кеңейтеді.
“Климаттың өзгеруіне біздің жауабымыз” бастамасы “Қарағанды облысында климаттық өзгерістердің салдарын жеңілдетуге азаматтық қоғамның қатысуы” жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Жобаны ЭкоМұражай чехиялық “Арника - Азаматтық қолдау орталығы” ұйымымен серіктестікте, Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен іске асыруда.