Екі жаңа халықаралық зерттеуді «ЭкоМузей» (Қарағанды) және «Арника» (Чехия) үкіметтік емес ұйымдары Еуропалық Одақтың қаржылық қолдауымен «World from Space» компаниясымен, Чехия Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Transition бағдарламасымен және GIZ (Германия) бірлесіп жариялады. Зерттеулердің негізінде «Коперник» бағдарламасы аясында ЕО спутниктері жүргізетін жерді қашықтықтан зондтау жатыр.
Қазақстандағы ауаның ластануы: ғарыштан көрініс (орыс тілінде):
https://ecocitizens.kz/publications/zagryaznenie-vozdukha-v-kazakhstane-vid-iz-kosmosa
Қазақстандағы парниктік газдарды есепке алу және мониторингілеу жүйесі: деректердің қолжетімсіздігі (орыс тілінде): https://ecomuseum.kz/climate/publications/detail.php?ID=216
«Ең елеулі ластану Павлодар, Шымкент, Екібастұз, Өскемен, Қарағанды және Теміртау өнеркәсіп орталықтарында анықталды. Оның көзі негізінен электр станциялары, металлургиялық кәсіпорындар және басқа да өндірістік нысандар болып табылады. Көмір шахталарынан метан шығарындылары климаттың өзгеруіне айтарлықтай үлес қосады. Алматы да ауаның жоғары ластануынан зардап шегеді, бірақ басты себебі - автомобильдер мен нашар жұмыс істейтін қоғамдық көлік», - деп қорытындылады Жерді қашықтықтан зондтау арқылы алынған деректерді талдауға маманданған World from Space компаниясының қызметкері Матуш Хрнчияр.
2019 жылы Қазақстан парниктік газдар шығарындылары бойынша әлемде жиырма бірінші орынға ие болды. Ауаның ластануы жыл сайын он мыңға жуық адамның мезгілсіз өліміне және 10,5 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі экономикалық шығындарға әкеледі (3). Сонымен бірге президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға қарай Қазақстанның климаттық бейтараптығына қол жеткізудің өршіл стратегиясын жариялады, содан кейін билік оны Париж келісімі шеңберіндегі халықаралық келіссөздерде Елеулі уәде ретінде ұсынды.
«Жаңа экологиялық кодексте «ластаушы төлейді» қағидасына ерекше назар аударылады. Алайда, климаттың өзгеруін азайту және оларға бейімделудің ұлттық жоспары әзірге дамудың бастапқы сатысында», - деп пікірмен экомузейдің даму жөніндегі директоры Дмитрий Калмыков бөлісті. «Мемлекеттік органдар парниктік газдар шығарындыларын бақылау мен есепке алудың әртүрлі әдістерін қолданады. Нәтижесінде кез-келген стратегияның сәттілігі тәуелді болатын сенімді деректердің жетіспеушілігі сезіледі. Өкінішке орай, біз көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін практикалық қадамдарды әлі бастаған жоқпыз», - деп қосты ол.
Халықаралық зерттеу авторлары Қазақстанға ауа сапасы мен деректерді жинаудың сенімді мониторингі жүйесін енгізуді ұсынады. Көмірді пайдалануды азайту және жаңартылатын энергия көздеріне көшу маңызды шаралар болып табылады. Ауа сапасы стандарттарын тиімді сақтау үшін тексеру, аудит жүргізу және айыппұл салу арқылы нормативтік-құқықтық базаны және экологиялық жауапкершілікті нығайту қажет. Тағы бір маңызды аспект - энергия тиімділігін арттыру, соның ішінде ғимараттарды қайта құру және ақылды көлік шешімдері. Жұртшылықтың хабардар болуы мен қатысуы аса маңызды, өйткені Қазақстан автомобильдерді пайдаланудың жоғары деңгейіне және қоршаған ортаны ластайтын жылыту тәсілдерін пайдалануға байланысты мәселелерге тап болады.
Азот диоксидінің (NO2) концентрациясы ірі қалаларда және өнеркәсіптік объектілерде жоғары, ал ең жоғары деңгейі Павлодар, Алматы және Шымкент қалаларында байқалады. Ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың ықпалы әсіресе Екібастұзда, оның ЖЭО мен көмір карьерімен, сондай-ақ Теміртауда NO2 деңгейі салыстырмалы көлемдегі қалаларға қарағанда екі-үш есе жоғары ірі металлургиялық кәсіпорнымен байқалады.
Көмір шахталарының жанында метан концентрациясының (CH4) жоғарылауы анықталды. Ашық карьерлердің шығарындылары әдетте төмен, сонымен қатар жер асты шахталарының шығарындыларымен салыстырғанда диффузиялық болып табылады. Ең жоғары өңірлік шоғырлану Шымкент қаласында және оған іргелес Түркістан ауданында, сондай-ақ Маңғыстау және Қызылорда облыстарында байқалады.
Күкірт диоксидінің (SO2) жоғары деңгейі тау-кен және көмір электр станциялары аймағында байқалады. Павлодар, Алматы, Өскемен, Астана және Қарағанды сияқты қалаларда SO2 деңгейі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Қазақстанда белгіленген ең жоғары тәуліктік нормалардан асып түседі. Алматы облысында тұтастай алғанда ең жоғары шоғырлану байқалады, ал Павлодар облысында - жыл бойы, бұл көмір электр станцияларының жұмысымен және пайдалы қазбаларды өндірумен байланысты. Маусымдық сурет қыста үйлерді жылытуға байланысты шыңды көрсетеді.
Қатты бөлшектердің концентрациясы (PM10) Қазақстанның оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында табиғи көздер есебінен жоғары, мысалы, топырағы мен шөлдері ашық шаңды дауылдар. Антропогендік көздерден туындаған PM10 концентрациясының жоғарылауы Қарағанды, Өскемен, Ақтөбе, Астана және Қостанай сияқты Қазақстанның басқа өңірлерінің қалалық аудандарында байқалады.
Қазақстанның мемлекеттік органдары парниктік газдар шығарындыларын мониторингілеу мен есепке алудың бірнеше түрлі жүйесін пайдаланады. Олар негізінен есептелген мәліметтерге негізделген. Халықаралық ұйымдарға ұсынылатын деректер айтарлықтай ерекшеленеді және олардың өзектілігіне күмән туындайды. Сенімді деректердің болмауы көміртекті бейтарап ел құру әрекеттерін бұзады.
Ауаның ластануы - 5 негізгі ұсыныс:
- Ауа сапасының мониторингін және деректерді жинауды күшейту
"Қазгидромет" РМК ауа сапасы мониторингінің Ұлттық желісін басқаруға және пайдалануға жауапты. Мониторинг жүйесін, әсіресе ластанудың ірі көздеріне жақын жерде кеңейту қажет. ЕО елдерінің тәжірибесі бойынша ұлттық деңгейде бір орган басқаратын, сондай-ақ деректерді валидациялауды жүзеге асыратын бірыңғай жүйені құру оңтайлы нұсқа болып табылады.
- Көмірді пайдалануды азайту және жаңартылатын энергия көздерін енгізу
Жаңа қазба отын электр станцияларының құрылысын болдырмау, қазба отындарының үлесін азайту және жаңартылатын көздер арқылы энергия өндіруді әртараптандыру маңызды болып табылады. ЕО мен АҚШ-тағы өтпелі экономикасы бар аймақтардың мысалдарына сүйене отырып, көмірді тұтынуды азайту жоспарын жасау маңызды. Күн және жел электр станцияларына инвестиция салу жаңартылатын энергия көздерін электр желісіне тезірек біріктіруге ықпал етуі мүмкін. Тиімді орталықтандырылған жылумен жабдықтауға және салқындатуға ерекше назар аудару керек. Тұрғын, коммерциялық және қоғамдық ғимараттарды энергия тиімділігі тұрғысынан қайта құру мен жаңғыртуға басымдық беру қажет.
- Нормативтік-құқықтық база, экологиялық жауапкершілік және жергілікті шығарындылар кадастрлары
Климаттық саясат бойынша халықаралық қарарлардың қабылдануымен Қазақстан неғұрлым эмпатикалық экологиялық саясатқа көшуде. Заңнаманың болуына қарамастан, оның іске асырылуы мен орындалуы әлсіз болып қалады, ал әртүрлі мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл жеткіліксіз. Шығарындылардың шекті мәндерін белгілеу үшін қолданылатын әдістер қоршаған орта сапасының жеткіліксіз стандарттарымен байланысты, мониторинг пен құқық қолдану жоқ. Қазіргі уақытта реттеуші органдардың әлеуетін нығайту өте маңызды. Жергілікті өзін-өзі басқару органдары ауаның ластануының маңызды көздерін анықтау құралы ретінде шығарындыларды түгендеуді қолдана алады.
- Энергия тиімділігі және өнеркәсіптегі шығарындыларды шектеу шаралары
Ауыр өнеркәсіп пен энергия өндірісі ауа сапасы мен адамдардың денсаулығына үлкен әсер етеді, соның ішінде бұл кәсіпорындар көбінесе қалалардың шегінде болғандықтан. Бұл жоғары тиімді сүзгілерді орнатудың және қатаң стандарттарды сақтаудың маңыздылығын көрсетеді. Кез-келген қаржылық қолдау мен ынталандыру ең жақсы қол жетімді технологияларды (ЕҚТ) қолдана отырып және төмен көміртекті процестерге көшумен байланысты болуы керек. Қазақстан Орхус конвенциясының ЛШТТ хаттамасына сәйкес ластаушы заттардың шығарындылары мен тасымалының тіркелімін (ЛШТТ) құруға тиіс. Мониторинг рұқсат етілген ластану шектерінің бұзылуын көрсететін салаларда қатаң шектеулер енгізу қажет.
- Жұртшылықты ақпараттандыру және олардың қатысуы
Ауаның сапасына мемлекеттік мониторинг деректерін, түтін туралы ескертулерді және ластанудың негізгі көздерінің жұмысы туралы мәліметтерді қоса алғанда, жұртшылықтың ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз ету өте маңызды. Аумақтық жоспарлау, ауаны тазарту жоспарларын бекіту, қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) және өнеркәсіптік кәсіпорындарға рұқсат беру процедуралары сияқты шешім қабылдау процестеріне жұртшылықты белсенді түрде тарту маңызды. Елде жеңіл автокөліктерге айтарлықтай тәуелділік және қоршаған ортаны ластайтын жылыту әдістерін, соның ішінде көмірді кеңінен қолдану байқалады. Халықты баламалар туралы хабардар ету және жаңа технологияларға көшуге қаржылық қолдау көрсету өте маңызды.
Қазақ тіліне аударған: Маликова Дильназ Арманқызы.